Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл мен Қызылжар ауданындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту және кеңейту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Барлығы сегіз бөгет қамтылды. Міндетті орындау үшін 158 техника қолданылып, 1,5 миллион тонна инертті материалдар жеткізілді. Бөгеттердің биіктігі айтарлықтай ұлғайтылды. Бүгінде Прибрежное мен Тепличное ауылдарында бөгеттер дайын. Облыс орталығындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл жұмыс мамандардың қатысуымен ғылыми негізде жүргізілді.
Ғалымдардың айтуынша, биылғы тасқын кезіндегі судың максималды деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 98,58 метрді құрады. Жаңа бөгеттердің биіктігі артығымен жобаланып, 101,2 метрді құрады, бұл болашақта елді мекендерді су тасқынынан сенімді қорғауға кепілдік береді, деп есептейді мамандар