Қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұнайтпасовтың жүлдесіне арналған ересектер арасындағы қазақ күресінен Әлем кубогі 24-26 қараша аралығында Түркістан қаласы «Олимп арена» спорт кешенінде өткен болатын. Сайысқа тоғыз елден екі жүзге жуық спортшы қатысты.
Солтүстікқазақстандық палуан, «Қызылжар арландары» спорттық клубының мүшесі Қайырбек Батырхан 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үш белдесу өткізіп күміс жүлдеге ие болды.
Дүбірлі додада зор шеберлік көрсеткен палуанымызды жерлестері Петропавлда қошеметпен қарсы алды. Оны жоғары жетістігімен құттықтау үшін кездесуге спортшының жақын туыстары, жаттықтырушылары, достары мен әріптестері келіп, жылы лебіздерін білдірді.