ҰЛТТЫҚ ӨНЕР — ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Авторы: Qyzyljar News

             «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесінің қорытынды отырысында мәдениет саласында шешімін күткен мәселелер қарастырылып, тарихи және мәдени ескерткіштердің жай-күйі талқыланып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар Қазақстан халқының тілдерін дамыту туралы Ақжар, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында былтыр  және  биыл атқарылған шаралар баяндалды.

Отырыста  Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов теріскей өңірде ұлттық өнер қалай дамып жатқаны жайлы ойын айтып, шешілмей тұрған түйткілдерді жайып салды.

      – Ұлттық музыка, өнер – ұлттық идеологияның түптамыры. Ұлттық қазынамызды насихаттап жүрген руханият жанашырларының ахуалы мемлекетшіл адамдарды алаңдатпай қоймайтыны бесенеден белгілі. Жаһандану заманында ұлттық музыканың мәртебесін қалай көтеру керек деген сауалға  бәріміз  ойлауымыз қажет. Арқамызға шапан жапқанға мәз болмай, ұлттық мүддеге қызмет етуіміз тиіс. Өнер тек өнерпаздарға емес, қазақ халқына керек екенін ұмытпайық. Мысалы, жылда ұйымдастырылатын айтыс көрермендері жылдан жылға қартайып барады.  Бұл ұлттық кодымыздың жойылуына әсер етеді. Бізді әлем домбыра, қобыз, жетіген сынды ұлттық аспаптарымыз  арқылы ғана тани алады, – деді дәстүрлі әнші Біржан Есжанов.

Облыстық мәслихат депутаты, «Miras» кеңесінің төрағасы Ербақыт Амантайұлы  іргесі сөгілген ауылдардағы жергілікті  ақын-жазушылар атындағы  музейлердің  алдағы тағдыры алаңдаушылық білдірді. Шалғайда орналасқан, жолы нашар ауылдарға мұражайды іздеп баратындардың да қатары сиреген.

   – Жамбыл ауданындағы  Ғабит Мүсіреповтің Жаңажолы,  Сәбит Мұқановтың ауылы, Сафуан Шаймерденовтің Амангелдісі, Шал ақын ауданында Ермек Қонарбаевтың Көктерегі – әдебиеттен хабары барларға таныс атау. Дегенмен  тұрғындары азайған  ауылдардағы мұражай жәдігерлерінің дені қолды болып кеткен.  Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мағжан Жұмабаевтың ауылы – Сарытомарға экскурсия үшін кім барады? Сондықтан Қызылжарда әдебиет орталығы  ашылғаны жөн, – деді Ербақыт Амантайұлы.

Кеңесте мәдениет саласындағы негізгі жетістіктер атап өтіліп, 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ, алдағы жылда негізге алынар  бағыттар мен міндеттер  нақтыланды.

Жиын соңында аймақтық шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Поэзия» аталымы бойынша  бірінші орын   Жарқын Жұпарханға  бұйырып,  республикалық кезеңге жолдама берілді. «Проза» аталымы бойынша жеңімпаз атанған  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағындық Рақымжан да республикада облыс намысын қорғайтын болды. Ал балалар әдебиеті, драма  бойынша сынға түскендер  жоқ.  Бұл аталған жанрлардың  өңірде кенжелеп  қалғанын аңғартады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz