ЖЕРДІ ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР БАР

Авторы: Qyzyljar News

          Облыс орталығында өткен брифингте Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов бір жылда атқарылған істер туралы баяндады.

Өткен он айда ауданда  жалпы көлемі 64 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған. Диқандар 434,5 мың гектар алқапқа дән сепкен. Оның 333,9 мың гектары дәнді дақылдардың үлесінде. Астық шығымдылығы гектарына 21 центнерден айналған. Мұнда астық кептіретін 32 орын мен сақтайтын 4 элеватор жұмыс істейді. Оған қоса ауданда 5 ірі сүт фермасы бар. Биыл 3 кәсіпорынды кеңейту жобасы жүзеге асуда. «СК Агро 2050» серіктестігі 3600 ірі қараға арналған ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастаған. Болашақта серіктестіктегі мал басын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Алайда  сала мамандарын алаңдатып отырған түйткілдер де аз емес. Жерді тиімсіз пайдаланып отырған шаруалар бар. Соңғы үш жылда ауданда заңнамаға сай 30 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Биылғы тексеру аясында бірқатар жер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.  Қабылданған шешімдер кей шаруашылықтардан түсетін салықты 20 есеге дейін арттыруға мүмкіндік берген.  Оған қоса пай иелеріне дивиденд беруге де баса мән беріліп отыр. Бүгінде 80 пайыз пай иелеріне дивиденд төленген.

Абаттандыру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін тауар өндірушілермен жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын 67 меморандум жасалған. 10 айда шаруашылықтар бұл жұмыстарға 770 млн. теңге бөлген.

            -Биыл 665 жаңа жұмыс орны ашылды. Бизнес бастамаларға 31 млн. теңгенің 21 гранты бөлінді. Түрлі бағдарламалар аясында 360 адам жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде аудандағы атаулы әлеуметтік көмек  алатын отбасылар 72-ден 48-ге дейін азайды. Жыл соңында жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайыз болаты деп күтілуде, — деді Рахат Смағұлов.

Биыл Мағжан Жұмабаев ауданында «Сулышоқ-Возвышенка», «Чистое – Қарақоға», «Қарақоға-Надежка» бағытындағы жолдарды жөндеу қаржыландырылған. Бірқатар ауылдардың кірберіс жолдары мен көшелері қалыпқа келтірілген.

            -61 елді мекеннің 34-і толық жарықтандырылды. Биыл 14 ауылға 250 жарықшам орнатылды. Барлық ауылдар үшін орталықтандырылған су қолжетімді. Келер жылы ұзындығы 104 километр болатын су желісін  жаңғырту жоспарда бар. Биыл Новотроицкое, Таман ауылдарында су тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Тағы бірнеше ауылда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.  Келесі жылы Қарақоға және Успенка ауылдарында сумен жабдықтау жүйесін күрделі жөндеу жоспарланған.  Веселовка, Достық, Еремеевка, Ұзынкөл ауылдарында сумен жабдықтау объектілерін ағымдық жөндеу көзделген. Придорожное, Золотая Нива және Пролетарка ауылдары үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп  жатыр, — деді Рахат Назымбекұлы.

Баспасөз мәслихатында аудан әкімі құрылыс, жылумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

 

Диас АЯҒАН

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz