Жерлесіміз Наталья Богданова Чиангмада (Таиланд) өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды.
70 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз құрылық біріншілігінің ақтық сайысына дейін қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Финалдық кездесуде ол алаң иесі таиландық Маникон Байсонмен жұдырық түйістірді. Шаршы алаңда ол жергілікті спортшыға еш мүмкіндік берместен 3:0 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда да солтүстікқазақстандық спортшы Украинаның мықты боксшысы Анастасия Черноколенкоға өзінің күшті екенін дәлелдеген болатын.
Былтыр өткен Азия чемпионатында Наталья Богданова қола жүлдегер атанған еді. Жиырма бес жастағы спортшымыз бұған дейін де бірталай додада жерлестерін өзінің жетістіктерімен қуантқан болатын. Тынымсыз еңбектің арқасында бокстың шаршы алаңында намысты қолдан бермей жүрген спортшының жетістікке дейінгі жүріп өткен жолы өзгелерге үлгі екенін айту керек. Ол өзінің тәлімгері Дастан Қабденовке 18 жасында жаттығуға келді. «Олимп» БЖСМ-де бокс бөлімінде жаттығуды бастап, боксшы және кикбоксшы ретінде дайындықтан өтті. Осы уақыт аралығында ол үлкен биікке көтерілді. Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, осы спорт түрінен Әлем кубогының иегері. 2021 жылы ол бокстан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, қола медаль жеңіп алды. 2022 жылы ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Бішкек, Астана, Кельн (Германия) халықаралық турнирлерінде жетістіктерге жетті. Кельнде ол турнирдің үздік боксшысы атанды.