Петропавлда «Рахат» сауда үйі өртенді

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда10 қаңтар күні сағат 4.50 шамасында «Рахат» сауда үйінде өрт шықты. Оқиға орнынан құтқарушылар 68 адамды, оның ішінде 18 баланы эвакуациялады. Жалынмен күреске 68 маман және 20 арнайы техника жұмылдырылды. Ірі өрт тек сағат 10.00 шамасында ғана толық сөндірілді. Жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыды.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтың айтуынша, қазіргі уақытта 7 пәтерге зақым келгені белгілі. Бұл баспаналарда шамамен 30 шақты адам тұрады.
— Одан бөлек 7 бутик пен «Magnum» сауда орталығы жанып кетті. Оқиға орнында Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй қызметі жұмыс істеп, өрт кезінде сынған терезелерді бітеп, тұрғындарға салдарын жоюға көмектесіп жатыр. Эвакуацияланған тұрғындарға сол жерде көмек көрсетілді. «Magnum» сауда орталығы және «Огни Каспия» дәмханасы тұрғындарды ыстық тамақ, шай, сумен қамтыды. Жергілікті атқарушы орган баспанасына зақым келген тұрғындарды уақытша жаңа жатақханаға орналастырады, бірақ әзірге, өтініш білдіргендер жоқ. Қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындарға жолаушы тасымалдаушылар екі автобус бөлді. Кешке дейін ауланы қалыпқа келтіру үшін коммуналдық қызмет жұмыс істеп жатыр, — дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелехов.
Қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Келген шығынды кінәлі өтейді.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, өртенген ғимаратта соңғы тексеріс былтыр сәуір айында жүргізілген. Сол кезде 16 заң бұзушылық анықталған. Ол электр желілерінің дұрыс істемеуіне және ғимарат бөлмелерін қайта бөлуге қатысты болған. Кейін әкімшілік олқылықтардың жойылғандығы жөнінде есеп берген екен.
Жалпы «Рахат» сауда үйінде «Magnum» супермаркетінен бөлек, киім-кешек бутиктері, зергерлік бұйымдар, автокөлік бөлшектерін сататын бутиктер, дәріхана мен ателье болды. Әзірге келген шығын мөлшері белгісіз.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz