Жыл басталғалы бері Қызылжарда тілсіз жаудың жайсыз хабары толастамай келеді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінің өзінде бірнеше отбасының үйін өрт жалмап, баспанасыз қалды. Құтқарушылар өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін қанша түсіндіріп, рейдтер жүргізгенімен, оқыс оқиғалар азаяр емес.
Тұрғындардың салғырттығы төтенше жағдайға ұрындырып жатыр. Мал-мүлік қалпына келер дегенімізбен, иіс тиіп уланған, денесін күйін шалған жандардың жақын күндері аттай шауып кетпесі анық. Қызылжардағы биылғы қыс қатты болмаса да жылыту маусымы басталғалы өрт сөндірушілердің жұмысы күрт артқан. Бүгінде жеке сектордағы тұрғын үйлерден бөлек кәсіпкерлік нысандары мен мемлекет меншігіндегі ғимараттардың өртке орану жағдайлары тіркеліп отыр.
10 қаңтар күні сағат 4.50 шамасында «Рахат» сауда үйінде өрт шықты. Оқиға орнынан құтқарушылар 68 адамды, оның ішінде 18 баланы эвакуациялады. Жалынмен күреске 68 маман және 20 арнайы техника жұмылдырылды. Ірі өрт тек сағат 10.00 шамасында ғана толық сөндірілді. Жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыды. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтың айтуынша, 7 пәтерге зақым келген. Бұл баспаналарда шамамен 30 шақты адам тұрады.
Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Келген шығынды кінәлі тарап өтейді.
Елді дүрліктірген оқиғадан кейін көп уақыт өтпей жатып облыс орталығындағы «Жастар» стадионында өрт шығып, жабық футбол манежі толық жанып кетті.
Мамандардың айтуынша, өрт стадионның жанындағы гараждан шыққан. Лапылдаған жалын жабық футбол алаңына ауысып, ол әп-сәтте отқа оранды. Өрт сөндірушілер жоғары дәрежедегі шақыру бойынша жұмыс істеді.
— Сағат 8.00 кезінде маған телефон шалып, гараждан түтін шығып жатқанын айтты. Ал гаражда екі трактор және Газель көлігі болған. Олар жанып кетті. Жалын қасында тұрған футбол манежіне ауысып, лап ете түсті. Абырой болғанда манеждің ішінде адам болмады. Балалар жаттығуға енді келе бастаған еді. Киім ауыстырып жатып, өртті көріп, бірден қауіпсіз жерге шыққан. Ешкім зардап шеккен жоқ, — дейді «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айсары Шәкіров.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қызылжар» БЖСМ-ның балансына «Жастар» стадионы, екі қабатты әкімшілік ғимарат және жабық футбол манежі кіреді.
Футбол манежі 2018 жылы наурыз айында салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ол өңірдегі футбол ойнауға арналған алғашқы жабық манеж. Құрылысына шамамен 45 млн. теңге жұмсалды. 2021 жылы нысанның жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілсе, былтыр, шатырының жабындысы ауыстырылған.
Манежде Петропавл мектептері мен колледждерінің 8 бен 17 жас аралығындағы 426 оқушысы шынығып келген. Олардың 184-і – футбол бөлімшесінде, 216-сы – футзалдан және 26-сы шөптегі хоккей бөлімшесінде болған. Қазіргі уақытта жаттығу процесін үзбеу үшін арнайы орын бөлу мәселесі шешіліп жатыр.
ФУТБОЛ МАНЕЖІ ӨРТКЕ ОРАНДЫ
225
алдыңғы жаңалық