Су тасқыны: Еліміздің солтүстігіне Ресейден қауіп бар ма?

Авторы: Qyzyljar News

Бірер аптадан кейін көктем келмек, ал Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары су тасқынымен күреске дайын ба? Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Жомарт Асқаров тілші сұрақтарына жауап берді.

— Ең алдымен өткен жылға тоқталып, қорытындыласақ. Былтырғы көктем сіздер үшін де үлкен сынақ болды ғой?

— 2024 жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ. Өткен жылдың 12 айында «112» шұғыл қызметінің телефон нөміріне тұрғындардан 182 мыңнан астам, «101» нөміріне 14,5 мыңнан астам қоңырау түсті. Департаменттің құзыретіне кіретін барлық хабарламаларға дереу ден қойып, шара қолданылды. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өртке 2 мың рет жедел шығып, авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүзеге асырды, 342 адам құтқарылды, 1059 адам эвакуацияланды, 115 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде Қазақстанның басқа өңірлеріндегі әріптестерімен, жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қорғау қызметтерімен, волонтерлермен бірлесіп жүргізілген жұмысқа тоқталмасқа болмайды. Су тасқыны кезеңінде 40 елді мекендегі тұрғын үйлерді су басу қаупіне байланысты 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды, сорғылармен 7 млн текше метрден астам су айдау жұмысы жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде атқарылған орасан зор жұмыс жайында көптеген материал жарияланды.

— Жомарт Серікұлы, Петропавлда 18 қабаттық үйлер салынды. Көп қабатты үйден өрт шыққан жағдайда оны сөндіретін мүмкіндік бар ма? Жалпы материалдық-техникалық база жаңартылып тұра ма?

— Департаменттің автомобиль паркі өткен жылы 30-дан астам заманауи техникамен толықты. Оның ішінде-құтқарушылардың кинологиялық қызметі, сондай-ақ жедел-құтқару және авариялық-құтқару техникасы ретінде пайдаланатын 11 TOYOTA HILLUX өтімділігі жоғары автомобильдер және жол таңдамайтын «ТРЭКОЛ» көліктерінің 4-еуі сатып алынды. Бұдан бөлек 8 өрт сөндіру автоцистернасы және жоғары қабатты ғимараттардағы өрттерді сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға арналған АЛ-55 «MAGIRUS» өрт сөндіру автосатысы алынды. Бұл автосатыға ерекше тоқталғым келеді: 55 метрлік жылжымалы баспалдақтың құтқару лифті, автономды генераторы бар, жақсартылған басқару жүйесі үйлері тығыз орналасқан қалалық жағдайда өрттерді жою кезінде арнайы техниканы жедел пайдалануға мүмкіндік береді, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу уақытын қысқартады.

Сондай-ақ, департамент бөлімшелері үшін «Skoda Kodiak» жеңіл автомобильдері, былтырғы су тасқынынан кейін жылжымалы сорғы станциялары, шатырлар, мотопомпалар, өрт жеңдері, қайық моторлары сатып алынды. Бұдан бөлек біздің қызметкерлер су тасқыны болуы мүмкін аумақтарды бақылауда ұстау үшін жаңа ұшқышсыз басқарылатын аппаратты пайдалана бастады. Бұл жоғары сапалы деректерге қол жеткізіп, алдын алу шараларын қабылдау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. DJI Matrice 350 RTK квадрокоптерінің жетілдірілген техникалық сипаттамалары бар. Оның көмегімен құтқарушылар Петропавл қаласы маңындағы және Қызылжар ауданындағы су тасқыны қаупі жоғары аумақтарды зерттеуді бастады. Жуырда алынған дронның мүмкіндігі жоғары, екпіні 12 м/с-қа дейін желге төзімді, басқару қашықтығы 20 км, ұшу биіктігі 7 км, ал жұмыс уақыты 55 минутқа дейін. Квадрокоптер жоғары дәлдікті позициялау жүйесімен, прожектормен, лазерлік қашықтық өлшегішімен, жылу камерасымен, автономды ұшу функцияларымен, кедергілерді анықтау жүйесімен және 32 есе үлкейту мүмкіндігі бар камерамен жабдықталған.Биыл да жаңа техника мен жабдықтар алынады.

— Көктемгі су тасқынының салдарын азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

— Биыл 116 ауыл ерекше бақылауға алынған. Оның ішінде өзендерде су деңгейінің көтерілуінен — 40, көлдердің толып, тасуынан — 13 және еріген қар суынан — 63 елді мекенге қауіп бар. Су тасқыны — бұл күшті, циклдік және әрқашан толық болжанбайтын табиғи құбылыс. Су тасқынына қарсы іс-шаралар оның ауқымы мен ұзақтығын анықтайтын көптеген табиғи факторларды мұқият талдауды қажет етеді. Бұл бүкіл елдегі әртүрлі ведомстволардың біріккен күш-жігерін, су қоймаларын, қорғаныс-инженерлік құрылыстарын салуға үлкен қаржылық шығындарды талап етеді. Су тасқынымен күреске дайындық жұмысы бүкіл Қазақстан бойынша, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп жатыр. Облыс аумағында су тасқынына қарсы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 60 елді мекенде су басу қауіпін азайтуға мүмкіндік туды. 80 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен үйінділері салынып, нығайтылды.

Облыстың автожолдарында 108 су өткізгіш құбыр мен тюбингтер орнатылды, 10 шақырымнан астам су бұрғыш арықтар мен каналдар тереңдетілді, 4 шақырымнан астам шағын өзен арналары тазартылды, 214 шақырым нөсер кәрізі тазартылды және жөнделді. Алдағы су тасқынына дайындық және оны өткізу мәселесі Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында. Биыл көктемде су тасынымен күреске, авариялық-құтқару жұмыстарына 1900-ден астам адам, 1320 техника, 117 жүзу құралы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, Ұлттық ұланның, 6637 әскери бөлімнің және жергілікті атқарушы органдардың 360-тан астам су айдау құралдары қолданылмақ. Қажет болған жағдайда басым күшті су тасқынымен күреске жұмылдырамыз, көктемнен аман өту міндеті тұр.

— Ресейден еріген қар суының келу қаупі бар ма? Бұл тұрғыда шекаралас мемлекеттермен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

— Ресей мемлекетінің аумағында қардың еруінен пайда болған су облыстың шекаралас ауылдарына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Қалай болғанда да, біз барлығын алдын ала ескеріп, түрлі «сценарийге» дайын отырмыз. Түмен облысына аймақтың ең үлкен су артериясы — Есіл өзенінің ағын суы барады. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті де, Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Түмен облысы бойынша бас басқармасы да көптеген параметрлер бойынша жедел және мониторингтік ақпаратпен үнемі алмасып отырады. Су тасқыны кезінде бұл процесс тәулік бойы жүргізіледі.

Әңгімелескен Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz