Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл. Мерейтой қарсаңында Сәбит Мұқанов әдеби-мемориалдық музей үйі облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе «Даладай дархан, дарабоз Сәбең!» атты жылжымалы көрмені Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин мұражайында ұйымдастырды.
Жылжымалы көрмеге қаламгердің көзінің тірісінде қолданған заттары, қолының табы қалған жазу машинкасы мен қолжазбалары, киімдері, барлығы 30 жуық жәдігер қойылып, көпшілік қауымның назарына ұсынылды.
Жиында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Дина Бейсенбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов, Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Әлия Сәрсекова сөз сөйледі.
Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдуллин арасындағы рухани байланыс туралы музейдің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова баяндап берді. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Өмірзақ Шешхан әннен шашу шашты.
Музейлер арасындағы байланысты нығайта отырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шара көптің көңілінен шықты.
Гүлжаухар СӘДУАҚАСОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
QYZYLJAR NEWS