Облыс орталығында өткен дәстүрлі көктемгі ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне жүзден астам шаруашылық пен кәсіпорын қатысып, тұрғындарға бағасы қолжетімді жарты мың тоннаға жуық азық-түлік өнімдерін ұсынды.Оның ішінде 95,1 тонна ет және шұжық, 12,2 тонна сүт, 45,5 тонна ұн өнімдері, 4,5 тонна бал, 110 мың дана жұмыртқа, 342 тонна картоп пен көкөініс, 5 тонна балық болды. Жұртшылық «Зенченко және К», «Казмяспродукт», «Жаңа құс», «Сұлтан ЭММК», «Астық STEM», «Алекри», «Ростан», «EMS Агро» «Палчик», тағы басқа агроқұрылымдардың өнімдеріне үлкен қызығушылық танытты.
«Жәрмеңкеге аудандар жақсы дайындықпен келді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі көп. Барлығы арнайы тексерістен өткен, таза табиғи өнімдер болып табылады», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоққожин.
Ет, картоп және жұмыртқа сататын сауда нүктелерінде сұраныс жоғары болды. Жұмыртқаның 10 данасы 480 теңгеден, картоптың келісі 200 теңгеден сатылды.
«Ұлы даланың берекелі жәрмеңкесі» деген атпен ұйымдастырылған іс-шарада Мағжан Жұмабаев ауданының тауар өндірушілері де ерекше белсенділік көрсетті. Сергей Гурач омарташылықпен 1991 жылдан бері айналысып келеді, Дәмі тіл үйіретін 100 келі беде балын әкепті. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Әділжан Әлжановтың айтуынша, 20 түрлі өнімнің басым бөлігін ет, картоп, қырыққабат, сәбіз, зығыр мен күнбағыс майы, қарақұмық құраған.
Валерия СИВАШ,
облыстық ауыл шаруашылығы
және жер қатынастары
басқармасының баспасөз
хатшысы.