Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода жергілікті мәслихат депуттарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Отырыста меймандарға солтүстік қазақстандық депутаттар тарапынан бірнеше өзекті сұрақтар қойылды. Өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, жылу энергиясының тарифын заңсыз көтеру мен республикалық маңызы бар тасжолдарды жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, жиында ауыл шаруашылығы саласына қосымша қаржылай қолдау көрсету мен қажетті техниканың қымбаттағаны сөз болды.
Кездесу барысында көпбалалы аналардың зейнетке шығуына байланысты ұсыныс-пікірлер де айтылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана мәселісі де назардан тыс қалмады. Халық қалаулылары Солтүстік Қазақстан облысында 10 күн болады. Осы уақыт аралығында мәжіліс депутаттары өңірдегі ауылдарды аралап, халықпен кездесіп, көкейлеріндегі сұрақтарды тыңдауды жоспарлап отыр. Айтуларынша, жұмыс сапарының басты мақсаты да — осы.
Облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенконың айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттерін уақытылы әрі сапалы орындау үшін депуттар бар күш-жігерлерін жұмсайды.