Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: «БІЗ БАРШАҒА АШЫҚПЫЗ»

Авторы: Сағындық МАУҒАЗИН

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес үш жылдық мерзімге сайланған қоғамдық кеңестердің өкілеттік мерзімі аяқталып, аталмыш заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде Солтүстік Қазақстан облысында жаңа құрам жасақталды. Біздің облысымызда облыстық мәслихаттың шешімімен 21 адамнан тұратын қоғам белсенділерінің басын қосқан құрылым өз жұмысын бастап кетті. Жаңа құрамның алдында тұрған міндеттері, жалпы қоғамдық кеңестің қызметіне қойылатын талаптар туралы осы кеңестің жаңа төрағасы қоғам қайраткері, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов сұқбат берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

–Жарасбай Қабдоллаұлы, жақында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайландыңыз. Құттықтаймыз. Бұл енді үлкен сенім ғой?

–Рақмет! Иә, сөз жоқ, үлкен сенім. Сондай-ақ зор жауапкершілік. Өйткені бүгінгі таңда өзіңіз жақсы білесіз, қоғамдық кеңестерге аса ауқымды да күрделі міндеттер жүктеліп отыр.

–Халық арасында осы қоғамдық кеңестер бізге керек пе, немен айналысады, қандай мәселелерді шеше алады деген сияқты әңгімелердің туындап жататыны жасырын емес. Расында да бізде не көп–ұйым көп. Тіпті бүгінде мемлекеттік емес ұйымдардың санынан жаңылып қалдық. Осыған орай осы қоғамдық ұйым қандай қажеттіліктен туғанына, қысқаша болса да тарихына тоқтала кетсеңіз.

–Меніңше, бұлай түңілуге, үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайды. Мұндай құрылымның қажеттілігіне өмірдің өзі көз жеткізіп отыр. 2015 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданғанға дейін де халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын қамтамасыз етуді көздейтін қоғамдық ұйымдар болған. Бірақ олардың жұмысында жүйелілік болған жоқ. Осы жай ескеріліп, жоғарыда айтқанымдай, қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды құру тәртібін және басқа да міндеттерін айқындайтын арнайы заң қабылданды. Кейін, нақты айтсам, 2020 жылы Парламенттің қос палатасы оған уақыт талабына сай бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Осының бәрі не үшін керек дегенге келсек, әңгіме мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестердің қарым-қатынасын күшейту жайында болып отыр. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігін заңмен бекіту мемлекеттік шешімдердің қабылдану ашықтығын арттырады.
Азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірі ескерілуі керек.

Әрі қарай тарқатып айтатын болсақ, бұдан былай қоғамдық кеңестердің құрамы қоғам өкілдері қатарынан сайланады. Әрі олардың қатарында түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болуы тиіс. Бұл осы саланың ашықтығын және жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отырған нақты да маңызды қадам деп санаймын
Алғашында қоғамдық кеңестерді жасақтаумен әкімдіктер айналысса, соңғы өзгерістерге байланысты қоғамдық кеңестің қызметін жергілікті деңгейде ұйымдастыру функциясы әкімдік құзыретінен алынып мәслихаттарға берілді. Осының барлығы билік пен қоғам арасындағы байланысты, диалогты күшейтіп, жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді деген сеніммен жасалуда.

-Өмірдің тағы бір шындығы-бізде жақсы заңдардың да діттеген мақсатына жете алмайтын сәттері жиі кездеседі ғой. Қоғамдық кеңестер қоғамға не бере алады?

— Елімізде қоғамдық кеңестер туралы заң қабылданғаннан қазіргі кезеңге дейінгі мерзімде қоғамдық кеңестердің жұмыс істеуі мен дамуында белгілі бір тәжірибесі қалыптасқаны сөзсіз. Дегенмен барлық жерде бірдей қоғамдық кеңестер мемлекет тарапынан өздеріне берілген өкілеттіктерді тиімді пайдаланып отыр, қарапайым халықтың үніне, қамқоршысына айналды деп айта алмаймыз. Біз азаматтардың басқару органдарының жұмысына шын мәнінде көбірек белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз керек. Олар мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, билік шешімдерінің орындалуын бақылауға араласулары керек.

-Халық арасында кей жағдайда қоғамдық кеңестер мен мәслихаттар қызметінің аражігі ажыратылмаған деген пікір де бар. Осыған не айтасыз?

– Қоғамдық кеңес мәслихаттың жұмысын қайталамайды. Мәслихат–өкілетті орган ретінде бюджетке байланысты мәселелермен айналысады. Ал консультативтік-кеңесші, бақылаушы және мемлекеттік органдармен ашық жұмыс істейтін институт болып табылатын қоғамдық кеңестің құзыретіне қоғамда туындайтын барлық мәселелер кіреді. Әсіресе қоғамдық кеңестердің ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизм ретіндегі рөлі өте зор. Бұл тұрғыда қоғамдық кеңестер неғұрлым еркін. Қоғамдық кеңестер халық пен билік арасындағы қоғамдық пікір мен диалогтың тәуелсіз және маңызды институтына айналғаны жөн. Ол үшін қалай болғанда да, қоғамдық кеңеске азаматтық белсенділерді көбірек тарту қажет.

–Жаңа өзіңіз облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамына 21 адам енгенін айттыңыз, солар заңда көзделген, сіз айтып отырған міндеттерді шешуге қабілетті ме?

–Қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын жасақтаумен арнай құрылған жұмыс тобы айналысты ғой. Жұртшылық бұл жұмыстардың конкурстық негізде жүргізілгенінен де хабардар. Ендігі жерде өз еркімен кеңеске кіргендер өз өкілеттіктерін дұрыс пайдаланулары керек. Бұл төрде отырып төрелік айтатын, ауызбен орып, әулиелік құратын құрылым болмауы керек. Керісінше, қоғамдық кеңестің әр мүшесі алмақтың да салмағы бар екенін сезініп, ақ тер-көк тер болып жұмысқа жегілуі керек. Сонда ғана қоғамдық кеңес жұмыс істейтін ұйымға айналады. Әрине көп жай ұйымдастыруға да байланысты.

-Осыған орай тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Сіз басқаратын қоғамдық кеңестің құрамында ауыл шаруашылығының өкілдері аз сияқты көрінді маған. Ал бұл саланың түйіні тарқатылмаған мәселелері бастан асып жатыр. Соларды қалай шешпексіздер?

-Дұрыс айтасыз, ауыл өмірі–қоғамдық кеңестің ұдайы назарында болатын басты мәселелердің бірі. Осыны ескеріп, осы сала бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрмақпыз. Оның жұмысына кез-келген белсенді адам қатыса алады. Сондай-ақ аудандардағы қоғамдық кеңестермен тығыз қарым-қатынас орнатпақ ниетіміз де бар. Осы мақсатпен қоғамдық кеңестің мүшелерін аудандарға бекітпекпіз. Одан бөлек, қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде өзім аудандарға шығып, жергілікті жерде тұрғындарды, қоғам белсенділерін қабылдауды ойластырып отырмын. Қазірдің өзінде қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындарды қабылдай бастады. Осыған байланысты арнайы кесте жасап, жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына ұсындық. Біз өз жұмысымызды ашық жүргіземіз. Өздерінің құқықтарын жақсы білетін және оларды талап ететін азаматтардың бәрімен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз. Күш-бірлікте. Биліктің шешімдеріне оң әсер ету үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз керек.

–Қоғамдық кеңестер әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде әкімдікке тәуелді дегенге қалай қарайсыз?

–Біз жергілікті билік органдарымен келісе отырып жұмыс істеуіміз керек. Қоғамдық кеңестер өздерін мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңы ретінде көрсетуі маңызды. Қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз деп жатырмыз ғой, сөз жоқ, қоғамдық кеңес ең алдымен халыққа қызмет етуі керек, халықтың мұң-мұқтажына әркез сергек қарап, солардың мүдделерін қорғауы, шешілмеген мәселелер болса, биліктің назарын соларға аударуы керек. Азаматтық қоғамның мүддесін қорғау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен жариялылығын арттыру, азаматтық бастамаларды қолдау, қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс орнату, әлеуметтік шиеленістердің алдын алып, шешу, халықты коррупциямен күреске шақыру қоғамдық кеңестердің басты міндеттері ретінде айқындалған.

–Тағы бір өзіміз куә болып жүрген бір жай, біздің өңірде облыстық қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы жұрттың бәрі біле бермейді. Бұл ретте қайта қалалық қоғамдық кеңестің дауысы жиі шығып жататын сияқты.

–Біз бұдан былай облыстық қоғамдық кеңестің кез келген отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып отыратын боламыз. Қажет болған жағдайларда басқа да кәсіптік ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Отырыстарға сарапшылар мен өзге де мамандарды қатыстыру ойда бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің халықтан жасыратын ештемеміз жоқ, қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болады.

Жаңа қоғамдық кеңестердің әкімдіктермен қарым-қатынасы туралы ойдың ұшығын шығардыңыз ғой, менің ойымша кеңес халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналуы керек. Жергілікті әкімдіктер мен басқармалардың басшылары міндеттерін мінсіз атқарса, халық құрметіне бөленіп жатса, соған біз де аз да болса, үлесімізді қоссақ мерей емес пе? Туған еліміздің еңсесін тіктейтін ілкімді істер бәрімізге ортақ, оған өгіз қара күшімізді жұмсасақ жарасады. Ал, артылған жүк ауыр. Бізді бір мүдде, халықтың мұң-мұқтажы біріктіруі керек.

–Сіздің сөзіңізге қарағанда, дұрыс түсінсем, алда тұрған міндеттерді шешуде «мынау сіздікі», «мынау біздікі» деп бөлінбейтін сияқтысыздар.

–Дұрыс түсініп отырсыз. Әрине, бәрі заң аясында болады. Дегенмен қазіргідей күрделі жағдайда жалпақшешейлікке салынуға болмайды.

 

Мемлекеттік қызмет қоғамның бақылауында болуы керек. Президенттің үнемі айтатыны осы. Айталық, қазіргі таңда біздің қоғамда өз өтінішімен қайда барарын, кімнің есігін қағарын білмей тауы шағылып жүргендер аз емес. Біз олармен де жұмыс істейміз. Қоғамдық кеңес мүшелері оларды жүйелі түрде қабылдап, өтініш-тілектерін тиісті ұйымдарға жеткізіп отырады.

Заңда қоғамдық кеңестердің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылатыны айтылған. Бұл үлкен мүмкіндік. Тек оны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түссе, одан бәріміз де ұтамыз.

–Кеңестің құрамында әйелдер мен жастар да бар шығар?

–Бүгінгі таңда өткенге қарап өсетін, бүгінге қарап бой түзейтін жастардың да шешілмеген мәселелері аз емес. Кеңес мүшелері арасында олардың да өкілдері бар. Біз олардан белсенді қызмет күтеміз. Олар да өз замандастарымен етене араласып, жастар өміріне қатысты, оның ішінде жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, жастарды жұмысқа тұрғызу сияқты көптеген мәселелерді көтеріп, игі істерге бастамашы болып жатса, құба-құп. Жалпы, қоғамдық кеңесте халықтың барлық топтары қамтылған.

Қоғамдық кеңес – қоғамның өзекті мәселелерін талқылайтын ашық алаң.

 

– Сөз барысында жоспар деп айтып қалдыңыз, алдағы жоспарлар қандай?

–Өзіңіз білесіз, облыстық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда негізіінен ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қазір қоғамдық кеңестің мүшелерінен алдағы жұмысқа қатысты ұсыныстар түсе бастады. біз оларды зерделеп, ой елегіген өткізіп, өзекті дегендерді жоспарға енгіземіз. Бұл ретте жоспардың, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылап отырудың да маңызы зор деп санаймын. Бұл жұмыстың да ықпалды тетіктерін қарастырып, іске қосуымыз керек.

 

–Әңгімеңізге рақмет.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —  

Жарасбай Сүлейменов

Сайттың бас редакторы  —

Сағындық Мауғазин

+77752847188, srakhymzhan@internet.ru

Тілшілер:

Мадина Нуркина, +77057396494,  Nurkinamad@mail.ru

Алтынай Қазиқан, +77058316306, altynkazikanova@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz