2021-жылы солтүстікқазақстандық полицейлер есірткі өндірумен айналысатын 8 зертхананың жұмысын тоқтатты. Соның бірі Жамбыл ауданына қарасты Миролюбово ауылында анықталды. Ерлі-зайыптылар өз үйінде синтетикалық өнімді әзірлеп, сатумен айналысқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, былтыр 410 келі зиянды зат тәркіленген. Өткен жылдың ақпан айында Жамбыл ауданында есірткі дайындап, сатумен айналысатын отбасы полицейлердің назарына ілікті.
-Алматыда тұрмыстық химия сататын нысанға ұқсатып серіктестік ашылған. Ол жақта тауарды Ресейден алдыртып отыру үшін лицензия алыпты. Кейін өнімдер біздің облысқа келіп отырған. Мұнда есірткіні өндіре бастаған,-дейді Жандос Басыбаев.
Былтыр қараша айында облыстық мамандандырылған соттың үкімімен ұйымдастырушысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері 15, 11 және 12 жылға сотталды.