«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко мен тұрақты комиссиялардың төрағалары «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мамандар нысанда қаланы сумен қамтамасыз ететін желілер мен құрылғылардың жұмысын бақылап, сарқынды суды қабылдаудың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Серіктестік қызметін шамамен 95 мыңнан астам абонент пайдаланады. Жалпы, мұндағы су құбыры желісінің ұзындығы — 343,5 км. Депутаттар мониторинг барысында тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін станция жұмысымен танысты. Жуырда 4 сорғы ауыстырылған болатын. Осының арқасында электр энергиясы үнемделді. Алдағы уақытта кәсіпорында тағы 2 сорғы орнатпақ.
Сонымен қатар, халық қалаулылары жаңартылған сүзгі станциясының жұмысымен де танысты. Мұнда кәсіпорын қаражатына өнімділігі сағатына 3 мың текше метр, 250 киловатт болатын аса қуатты сорғы орнатылды.
Өткен жазда қалада қолқаны қабатын күлімсі иіс тарап, әбден мазаны алғаны белгілі. Бұл мәселені айтып, көптеген тұрғындар наразылықтарын білдірген болатын. Проблема біртіндеп шешіліп келеді.
-Су жинақтаушыны альголизациялау үшін «Судың ғылыми-техникалық орталығы» серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Органикалық заттарды ыдырататын биоқышқылдандыруды жеделдетуге және сол арқылы ыдырау өнімдерінің, атап айтқанда күкіртсутектің бөлінуін азайтуға мүмкіндік беретін хлорелла препараты сатып алынды. Мәселені шешіп, иістен арылу үшін көктемге жоспар жасалынды,-дейді серіктестік өкілдері.
Облыстық мәслихат өкілдері алдағы уақытта елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі келесі отырыста қарастырылатынын айтты.