Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Алихан Смайылов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтан су тасқынына дайындық жұмыстары туралы сұрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Құмар Іргебайұлы, сіздерде әр көктем сайын Тепличное ауылындағы бөгетке зақым келеді. Биыл қалай болып жатыр, алдыңғы жылдардағы оқиғалар тағы қайталануы мүмкін бе?,- деді Үкімет басшысы.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде тасқынның алдын алу үшін жыл сайын тиісті шаруалар атқарылып отырылады. Мәселен, тасқын қаупі бар жерлерге 130 шақырым аумақта жерді биіктету үшін топырақ үйіліп, 7 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. Одан бөлек,5 гидротехникалық нысан жөнделді, сондай-ақ жолдарда 79 су өткізу құбыры орнатылды.
-Жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізіліп жатқан шаралар бүгінде өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, 170 елді мекенді су басу қатері сейілді. Қазір 85 ауыл мамандардың бақылауында. Оның ішінде13 ауылдың су астында қалу қаупі бар, ол жерде 1,5 мыңға жуық адам тұрады, — деді Құмар Ақсақалов.