Ауыл тұрғындары коронавирусқа қарсы вакциналауда белсенділік танытуда

Авторы: Qyzyljar News

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен әкімдік отырысында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен тұрғындарды вакциналау науқанының барысы қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері берген мәліметке сәйкес, соңғы 2 аптада өңірде вирусты жұқтыру деңгейі 61%-ға төмендеді. Демек, жағдай бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарған, инфекциялық бөлімдерге түсушілердің саны да азайды.

-Екі апта ішінде ауруханаға түскендердің азайғанын байқап отырмыз. Мәселен, ақпанның 8-і күні 450 адам стационарлық ем қабылдаса, бүгіндері 354 пациент емделіп жатыр. Осы уақыт аралығында ауруханаға коронавируспен түсетін науқастардың саны да 22%-ға азайғанын атап өткім келеді,-дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов.

Нұрлан Айманов отырыста өңірде COVID-19-ға қарсы иммундау шарасының қалай өтіп жатқанын да баяндады.  Осы күнге дейін  300 мыңға жуық солтүстік қазақстандық вакциналаудан өткен. 281 мың тұрғын вирусқа қарсы екпенің екі компонентін қойдырды.

-Вакциналау науқаны бойынша Мамлют, Жамбыл мен Шал ақын аудандары көш бастап тұр. Ал қызылжарлық тұрғындар иммундау шарасына қатысуға аса құлық танытпай отыр. Пайызбен есептегенде «Денсаулық» жеке коммерциялық емес мекемесі мен қалалық №3 емханасында көрсеткіш төмен, деді Нұрлан Айманов.

Сондай-ақ, облыс тұрғындары уақытылы ревакцинациядан өтуді де ұмытпағандары жөн. Айта кетсек, 196 мың солтүстікқазақстандықтың тек 85 мыңнан астамы ғана вакцинаның үшінші компонентін алған. Бұл ретте Уәлиханов, Мамлют пен Аққайың ауданының тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Керісінше, Қызылжар ауданы мен қаладағы 3 бірдей емханада ревакцинациядан өту көрсеткіші төмен.

-Елді мекен тұрғындары өз денсаулықтарына бей-жай қарамайды. Вакциналаудың маңызын түсінеді. Өкінішке қарай, қалалықтар бұған аса көңіл аудара қоймайды. Осы қауіпті індетті ұжымдық иммунитет қалыптастырғаннан кейін ғана жеңе алатынымыз айтпаса да түсінікті,-деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір жетекшісі аудан әкімдері мен қала басшысына халық арасында COVID-19-ға қарсы вакцина алудың маңызы жайлы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz