70 мыңнан астам қазақстандық жаңа жеңілдетілген автонесиемен көлік сатып ала алады. Бұл мақсатқа 100 млрд теңге бағытталып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар-24» телеарнасына берген сұхбатында утильалымнан жиналған қаражат жаңа автонесие бағдарламасына жұмсалатынын айтты.
Қолға алынған жобаның шарты мынадай: жылдық мөлшерлеме 4%, бастысы автомобиль сатып алу үшін бастапқы жарна төлеудің қажеті жоқ. Несие 7 жылға берілмек. Қолжетімді жоба аясында 70 мыңнан астам қазақстандық азамат су жаңа көліктің иесі атана алады.
Сонымен қатар, Роман Скляр еліміздің автобус паркін жаңартуға 30 млрд теңге бағытталатынын айтты.