Петропавлдық тасымалдаушылар билет құнын көтеруді сұрап отыр. Қазіргі баға шығынды ақтамайтыны Мәжіліс депутаты Дмитрий Колодамен болған кездесуде айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«СҚО Автокөлік одағы» Қауымдастығының төрағасы Галина Семенованың айтуынша, өткен жылы Петропавл тасымалдаушылары лизингке автобустар алған. Сонымен қатар, компаниялар билеттеудің электрондық жүйесіне көшкені белгілі. Заман игілігі жолаушылар ағынын көрсетуге мүмкіндік береді әрі тасымалдаушы кәсіпорындарды қолдау үшін субсидия алуға қажетті есеп береді. Алайда осының алдында берілген демеуқаржы үмітті ақтамаған көрінеді.
-Өткен жылы жолаушы тасымалдаушылар шығынды зордың күшімен жапқан. Бірақ биыл қаражаттың жетпейтіні анық. 2021 жылдың соңында лизинг төлемдері жалақыға берілетін ақшадан алынды. Сондықтан біршама күрмеулі мәселелер туындағанын айта кету қажет. Яғни, 80 теңгелік тариф шығындарды өтеуге жетпейді. Автобус жүргізушілері электронды билеттеуге көшкен кезде жалақы заңдастырылған болатын. Бәрін қосқанда билеттің өзіндік құны қазір 280 теңге. Соған сай салық та өсті, — деді Галина Семенова.
Жолаушы тасымалдаушыларына деп жоспарланған субсиция мөлшері жүргізушілердің шығындарын жаба алмайды. Лизингтік төлемді өтеу үшін биылғы жылы қосымша 3 миллиард теңге бөлу қажет деп отыр.
-Бұл мәселені жеке бақылауыма алдым. Келешекте мемлекеттік органдар және бейінді ведомства өкілдерімен бірлесіп, проблеманы шешудің жолдарын қарастырамыз. Мен республикалық бюджеттің қаралуына тиісті өтінім беруді ұсындым, — деді ҚР Паламенті Мәжілісінің Дмитрий Колода.
Тасымалдаушылардың айтуынша, билет 240 теңгені құрауы керек. Бірақ, халық қалаулысы тұрғындардың қалтасын қақпау үшін демеуқаржы мәселесін біржақты ету қажеттігін айтты.