Тимирязев ауданында ерлі-зайыптылар мінген көлік жолда тоқтап қалды. Оның ішінде 3 кішкентай бала болған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері көлік иесінің қоңырауынан кейін бірден оқиға орнына аттанған. Мамандар далада қалған отбасыға жарты сағатта жетіп, тиісті көмек көрсетті.
— Боран соғып тұрғанда айдалада қалу оңай емес. Сондықтан, барымызды салып, оқиға орнына тез жетуге тырыстық. Адамдарды өз көлігімізге отырғызып, сынып қалған автомобильді тіркеп алдық, — дейді Тимирязев аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бектұрған Омаров.
Аудан орталығына жеткеннен кейін тоңып қалған отбасы жылы жерге орналастырылып, тамақ берілген. Ал көлік көп ұзамай жөнделді.
Бұл күні Петропавлға жақын жердегі Вороний остров демалыс орнының жанында 2 машина жол шетіне түсіп кеткен. Құтқарушылар 20 минут ішінде көліктерді қар құрсауынан алып шықты.