Украинадағы оқиғаларға байланысты Үкімет пен Ұлттық банк дереу бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Осылайша, қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгелік депозиттердің қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, халықтың депозиттері бойынша сыйлықақыны бюджет есебінен төлеу арқылы теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын іске асыратын болады.
Басымдық ауылдарға, шағын қалаларға, елорданың және басқа да республикалық маңызы бар қалалардың шет аймақтарына беріледі деп жоспарланып отыр.
-Айналымға қосымша жерлерді енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациясы мен отбасылық шаруашылықтарды дамыту үшін жағдайлар жасалатын болады. Жалпы, ауылдарды, моно — және шағын қалаларды, Нұр-Сұлтан қаласының шет аймақтарын және республикалық маңызы бар қалаларды дамытуға биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы, өңірлерді дамытудың Кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар шеңберінде республикалық бюджеттен 200 миллиард теңгеге дейін қаражат бағытталатын болады, — делінген үкімет сайтында.
Өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың негізгі бөлігі жоғары өнімді кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және дамытуға арналады.
Ел экономикасын индустрияландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен импорттық тауарларды алмастырудың маңызы жоғары. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өз қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуге, оның ішінде еңбек өнімділігін арттыру арқылы өсіруге міндеттеледі.
Осы мақсаттар үшін ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын, атап айтқанда кредиттерді субсидиялауға және кепілдікті қаржыландыру айтарлықтай ұлғаятын болады. Бұдан басқа агроөнеркәсіпті мемлекеттік кешенді қолдаудың тиімділігін арттыру үшін саланы субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленуде. Өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп өңдеуге бағытталған жобалар қолдау табады.
Сондай-ақ бизнеске артық әкімшілік жүктемені жою жоспарлануда. Жыл соңына дейін негізгі салаларда мемлекеттік органдардың 420-дан астам реттеуші актісі қайта қаралатын болады. Кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға ревизия жүргізу басқа салалар бойынша да жалғасатын болады. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырады.
-Халықтың әлеуметтік-экономикалық әл — ауқатын сақтау және арттыру Үкіметтің басты міндеті және осы міндетті іске асыру үшін барлық күш-жігер жұмсалады, — деп жазылған ҚР Үкіметінің ресми сайтында.