Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі жаңа шаралар кешенін қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Украинадағы қақтығыстың ел экономикасына әсері қаралды.
— Қаржы нарығының тұрақтылығы мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін Үкімет Қазақстан Республикасы Ұлттық банкімен бірлесе отырып, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады. Теңгелік депозиттерді қорғау аясында депозиттер бойынша сыйлықақы есептеу қарастырылған. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша қаржыландыру, оның ішінде субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайтылады. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жоя отырып, кемшіліктерге талдау жүргізілді. Басым салаларда мемлекеттік органдардың реттеушілік актілері қайта қаралады. Биыл «Ауыл – ел бесігі», Өңірлерді дамытудың кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға қосымша қаражат бөлінеді, — деді Үкімет басшысы отырыс барысында.