Статистика мамандары Солтүстік Қазақстан облысының лайықты еңбек көрсеткішін жасады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Статистика департаментінің мәліметінше, өңірде 291 мың адам немесе халықтың 68%-ы жұмыспен қамтылған. Оның 73,3 %-ы жеке кәсіппен айналысатындарға жатады. Солтүстікқазақстандықтардың шамамен 57%-ы қызмет көрсету саласында, 31%-ы ауыл және орман шаруашылығында, 12%-ы өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс істейді.
13 мыңнан астам адам жұмысын ауыстырғысы келеді екен. Олардың жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмыс істеуді қалайды, шамамен 19%-ының жалақысына көңілі толмайтын көрінеді.
Қайта өңдеу саласында еңбек ететін солтүстікқазақстандық жұмысшылардың 26%-дан астамы аптасына 40 сағаттан артық еңбек етеді. Жартысынан көбі жұмыс берушінің талабымен шықса, шамамен 25%-ы қосымша қаражат табу үшін жұмысқа шығуға мәжбүр.