Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Волкодав 100 жасқа толды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Валентина Волкодав 1922 жылы наурыздың 2-сі күні Киев облысында дүниеге келген. 1940 жылы мектеп бітіріп, Киевтегі технологиялық институтқа оқуға түседі.
1941 жылы 19 жасында майданға аттанған. Соғыс кезінде жол мен көпір салу отрядында болған. Есепші, картотека жүргізуші маман, қаржы бөлімінің кассирі болып қызмет еткен екен.
Валентина Волкодав соғысты кіші сержант шенінде аяқтады. Ол Волгадан Берлинге дейін жеткен.
«Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін» медальдары, сондай-ақ ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Валентина Архиповна соғыста болашақ жары Яковпен танысып, отау құрған. Кейін дүниеге Светлана мен Евгения есімді қыздары келді. 1962 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Зейнетке шыққанға дейін есепші болып қызмет істеді. 1978 жылдан бері Петропавлда тұрады.