Қызылжар ауданында «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі өтті. Оған 200 құтқарушы мен 40 арнайы техника тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығудың бірінші кезеңі Тепличное селосында өтті. Құтқарушылар тасқынды тоқтатып, су арнасын бұру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, инженерлік техниканың апаттарға дайындығын күшейтті.
Келесі аймақ – Прибрежное селосы. Ауылда қызметкерлер байланыс және электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қарттарды, әйелдер мен балаларды, сондай-ақ, медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді.
Жаттығу барысында территория мен егін алқаптарынан қар шығарылды. Инженерлік техниканың көмегімен су өткізу құбырлары мен каналдар да тазартылды.
– Егер облыс аумағында су тасқыны орын алып жатса, жедел әрекет ету үшін мамандар дайын. Арнайы топ құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар департаментінің және Ұлттық ұланның қызметкерлері кіреді. Жалпы 475 адам бар, 134 техника тартылды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.