Солтүстікқазақстандық Ділназ Байқадам ҚР ІІМ Қарағанды академиясында оқиды. Бойжеткен бұл мамандықты әкесі, Қызылжар ауданының ПБ бастығы Әлихан Байқадамовқа қарап таңдаған. Алғашында ол қызының бұл шешімін құптамаған көрінеді. Ділназ ағылшын тілін жақсы меңгерген, мектепте де озат оқушы болыпты. «Кез келген салада қиындықсыз жұмыс істей аласың», — деп басқа мамандықты таңдауға үгіттеген екен. Дегенмен, қызы айтқанынан қайтпай, полиция қызметкері боламын деп шешкен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Әкеме қарап, жұмысы туралы айтқанын естіп өскен мен, бұл мамандықты бала кезімде таңдап қойғам. Мен әкем сияқты өмір сүргім келді: яғни, айналамдағыларға пайдамды тигізгім келеді,-дейді Ділназ.
Бүгіндері Ділназ Байқадам 3 курста біліп алып жүр. Болашақ тергеуші барлық жағынан әкесіне еліктейтінін айтады.
-Бойындағы адалдық, мейірімділік және әр кез әділ болу сияқты қасиеттерін менің және інілерімнің бойына сіңіріп қана қоймай, ісімен де дәлелдеді. Мен үшін әкемнен асқан тәрбиеші жоқ,- деді ҚР ІІМ Қарағанды академиясының студенті.
Полиция қызметінің қауіп-қатерге толы, оңай сала емес екендігін курсант қыз бұрыннан жақсы біледі. Алайда, биылғы қаңтар айында бұған нақты көзі жетіп, жете сезінді.
-Академия бұзақылар мен арандатушылардың нысанына айналған жоқ, дегенмен сол күндері келесі минуттарда не болатынын ешкім де білмеді. Жігіттерді патрульге алып кетті, академияда 79 қыз және қарулы күзет қалды. Біз казармалық жағдайға көштік, оқу орнымызды қорғауға дайындалдық. Бұл күндері өзім үшін емес, әкем үшін қатты қорықтым. Дәл осы оқиғалар орын алған кезде Алматыда жоғары академиялық курстарда оқып жүрген әкем СҚО-ның тағы екі офицерімен және басқа өңірлердегі әріптестерімен қалалық Полиция департаментін қорғауға қатысты. Әкеммен байланысып, амандығына көз жеткізген кезде жүрегім орнына түсті. Әкем екеуіміз не болса да, анамызды алаңдатпау үшін, ештеңе айтпаймыз деп шештік. Мен әкемді мақтан тұтамын,-дейді Ділназ.
Ділназдан бөлек, Әлихан Ғазизұлының екі ұлы бар. Үлкені 11-ші сыныпта оқиды, спортқа жақын. Кіші ұлы 4-ші сынып оқушысы. Олар да әке жолын қуып, әскери немесе құқық қорғау органдарында қызмет еткісі келеді.
-Әрине, жұбайым Әсия екеуіміз балаларымыздың кез келген таңдауымен келісеміз, шешімдері сараланған салмақты болса болғаны. Бастысы, олардың адал, өз Отанын сүйетін патриот азамат болғаны керек., — дейді полиция полковнигі Байқадамов.