Солтүстік Қазақстан облысында полиция ардагерін құттықтады, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Отставкадағы полиция подполковнигі Жаңыл Баймендина тергеу қызметінде 30 жыл еңбек еткен. Ол жүздеген ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашқан. 1998 жылы Жаңыл Бірімжанқызы республикада үздік тергеуші деп танылды. Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Темиреев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымтай Аманжолов Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрамы атынан құттықтап, “Ерен еңбегі үшін” медалін табыстады. Зейнеткер өзі қызмет еткен ведомство өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Жаңыл Баймендина 1983 жылы Целиноград қаласынан Мамлюткаға ауысып келген екен. 2000 жылы СҚО ІІД тергеу басқармасының аса маңынды істер жөніндегі аға тергеушісі лауазымынан зейнетке шықты. Бірақ жас тергеушілерге шеф-нұсқаушы бола отыра, өз тәжірибесімен бөлісіп, жол көрсетуден жалыққан емес. Кейін ол адвокаттық қызметке ауысты.
Мамлют ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Өмірбек Жаналинов Баймендинаның істерін жас тергеушілер үшін кәдімгі оқулық деп атайды.
– Менің еңбек жолымдағы тәжірибеме құрметпен қарағандарыңызға қуаныштымын. Бүгінгі таңда полицияның жұмысы басқа арнада. Біздің кездегі қолмен теретін машинкалармен салыстырғанда заманауи технологиялар тергеушілердің жұмысын айтарлықтай жеделдетті. Бірақ мұнымен артылған жүк жеңілдеді ме? Олай деп ойламаймын. Қандай техникамен жұмыс істесең де, ең бастысы — күдіктімен сөйлесудің оңтайлы жолын тауып, оны түсініп, сөзге тарта білу, — дейді Жаныл Бірімжанқызы.
Полицияда жұмыс істеу әйелге тән емес дегенді жиі естисің. Алайда Жаңыл Баймендина әр нәрсеге ұқыптылық, шыдамдылық пен түсіністікпен қарау сынды әйел бойындағы табиғи қасиеттер күдіктілермен және куәгерлермен тез тіл табысуға септігін тигізеді деп санайды.