Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры мен бармақ басты көз қыстылыққа қатысы бар серіктестік өкілдерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Жарқын Ғалымовтың айтуынша, мекеменің бұрынғы директоры 29 жасқа дейінгі еңбек жастарына бөлінуге тиіс жатақханалардағы пәтерлерді басқа азаматтарға жалға беріп отырған.
— Жұмыспен қамту орталығының басшысы екі ЖШС өкілдерімен бірлесіп, 9 ай бойы тұрғындарға 5 жыл мерзімге дейін баспаналарды жалға беріп отырыпты. Заңға қайшы әрекетке барған адамдар 4,4 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды,-дейді Жарқын Ғалымов.
Қылмыс жасаған тұлғаларға тиісті жаза түрі тағайындалды. Жемқорлыққа қатысы барлардың барлығы да жауапкершілікке тартылды. Халықты жұмыспен қамту орталығының экс-директоры 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол енді өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Ал сыбайластарының әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Қылмыстық топ әр берілген пәтер үшін жалған келісім-шарт жасап, 200 мыннан 800 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Тергеу барысында 5 адамның заңсыз баспана алғаны анықталды.
Бүгінде қылмысқа қатысы бар, яғни заңсыз тұрғын үй алу үшін ақша берген 10 адамға 3 млн-нан 21,3 млн. теңгеге дейін айыппұл салынды. Біреуі 2 жылға бас бостандығынан айырылды.