СҚО-да туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайып келеді. Мәселен, өткен жылы 328 мыңға жуық ересек, 40 мыңнан астам бала жұқпалы ауруға тексерілген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыру көрсеткіші облыста ғана емес, жалпы ел бойынша 2,5 есеге төмендеді. Өлім-жітім 3,9 есе төмендеді. Десек те, облыста бұл көрсеткіш республика бойынша жоғары. 2011 жылы 68 сырқат қайтыс болса, 2021 жылы 16 адам көз жұмды», — дейді СҚО фтизиопульмонология орталығының директоры Қаныш Бижанов.
Мамандардың айтуынша, туберкулезді дер кезінде анықтаудың маңызы орасан зор. Біздің өңірде дертті ерте тексеруде заманауи диагностика тәсілдері қолданылады. Мысалы, былтыр флюорография арқылы 324 223 адам тексеріліп, 153 науқас анықталған. Gxpert әдісімен 3 415 тұрғын тексерілсе, соның 246-сы ауырғаны белгілі болды. Тағы 40 мыңнан астам баладан сынама алынып, үшеуінің сырқаттанғаны расталды.
СҚО фтизиопульмонология орталығының директоры Қаныш Бижановтың айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына сырқаттарды әлеуметтік қолдау да әсер еткен.
Айта кетсек, 11 ауданда туберкулезбен ауыратындарға ай сайын 17 502 теңге жәрдемақы беріледі. Шал ақын ауданында – 7 900 теңге, Тайынша мен Ақжар аудандарында 14-20 мың теңге аралығында. Петропавлда науқастарға жылына бір рет 29 мың теңге беріліп отырады. Өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 28 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.