Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия отырысының хаттамасын, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Украинаға гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Украина халқына жәрдем Алматы қаласының әуежайынан екі рейспен жіберілетін болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Халықаралық гуманитарлық көмек көрсету мәселелері жөніндегі комиссия Украина халқына медициналық препараттар партиясын бөлу туралы шешім қабылдады. Украина тарапынан осындай өтініш түскен соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев украин халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету жөнінде нақты тапсырма берді.
Барлық жүктерді діттеген жеріне аман-есен жеткізу үшін Қазақстан Үкіметі Украинаға халықаралық гуманитарлық көмек алу және тарату үшін көрші мемлекеттермен келісімге келді.
-Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Алматы — Катовице (Польша) бағыты бойынша гуманитарлық жүкті әуе кемесімен жеткізу мәселесін қарастырды. Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 28,2 тоннаны құрайды, оған 17 түрлі дәрі-дәрмек кіреді: антибиотиктер, қабынуға қарсы, жөтелге қарсы және антигипертезивті препараттар, — делінген хабарламада.