Соңғы кездері тұрғындар азық-түлік таусылады деп үрейленіп, дүкен сөрелеріндегі тауарларды жаппай сатып алуда. Облыстық әкімдікте ірі супермаркеттерде, сауда үйлері мен дүкендерде барлық қажетті өнімдер бар, қор кем дегенде екі айға жететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Бұдан басқа, тұрақтандыру қорының өнімдерін сату белсенді жүргізілуде. «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сауда желілерінің, супермаркеттердің және дүкендердің сөрелері күн сайын бағаны тұрақтандыру қорының тауарларымен толықтырылады. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен көкөніс, жарма және басқа да өнімдерді жеткізуге қосымша жаңа келісімшарттар жасалады, — делінген хабарламада.
Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар азық — түлік тауарларының 19 түрінің 15-і өндіріледі. Қалған төрт түрі – Қазақстанда, оларға сыртқы факторлар әсер етпейді.
-Әлеуметтік желілерде тараған сенімсіз ақпарраттарды оқып, сатып алушылар дүрлігіп жатыр. Қант, жарма, тұз және басқа да тауарларды жаппай сатып алудың қажеті жоқ. Азаматтардан әбігерге салынбай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, — деп толықтырды атқарушы билік өкілдері.