Биыл Петропавлда жетім балаларға 120 пәтер беріледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлердің немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде 20% — ы беріледі. Соңғы үш жылда бес үй салынды. «Жетім балалар» санаты бойынша 108 пәтердің кілті табысталды. Биыл 100 пәтерлік 6 баспананы қолданысқа беру жоспарланып отыр. Оның 120-сы жетім балаларға беріледі, — деді қалалық әкімдік өкілдері.
Қазіргі уақытта Петропавл бойынша «жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатына кіретін 1774 адам кезекте тұр. Олардың кейбіреулері пәтерлерін 2007 жылдан бері күтуде.