Жыл сайын республика бойынша 3 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, қайтадан салынады. Бірақ бұл салада білікті мамандар аз. Үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін сырттан қызметкерлерді шақыруға мәжбүр. Еліміз бойынша орта есеппен алғанда 3 мыңға жуық маман қажет, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жол активтері ұлтық сапа орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері мамандарды тартуды мықтап қолға алған. Мысалы, «1000 мектеп» акциясы аясында филиал қызметкерлері болашақ түлектерге жол құрылысы және жол саласындағы еңбек жайлы ақпараттарымен бөлісіп, оқушыларды жолшы мамандығын таңдауға шақыруда. Биыл кәсіпорын кәсіби бағдар беру жұмысын еліміз бойынша екі мың мектепте өткізуді көздеп отыр.
Жуырда мекеме өкілдері Есіл аудандағы мектептерге барып, жоғары сынып оқушыларымен жүздесті.
– Екі жылдан бері Жол активтері ұлттық сапа орталығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавл қаласының және облыстың 100-ден астам мектебінде кәсіптік бағдарлау жұмысын өткізді. Петропавл қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжбен әлеуметтік—әріптестік келісімі жасалып, жыл сайын аталмыш оқу орнының студенттері филиалда ақылы өндірістік тәжірибеден өтуде, – дейді филиал басшысы Жолдыбай Тентеков.