Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Петропавл 2-ЖЭО мұржасы құлаған жердегі іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесін баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, іздестіру жұмыстары бірден басталған. Кейін оларға Нұр-Сұлтаннан келген құтқарушылар қосылды. Сондай-ақ іздеуге кинологиялық қызмет те тартылды.
— Жұмыстар күрделі жағдайда жүргізілді, деформацияланған темірбетон плиталары үйіндіні аршуға көп бөгет келтірді. Ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкіндігі болған жоқ, құтқарушылар көбіне қолмен қазды, — деді құтқарушылар.
Бүгін сағат 10: 32-де үйінділер астынан әйелдің жансыз денесі табылды.
Мамандардың айтуынша, марқұмның туыстарымен психологтар жұмыс істеуде.