Наурыз айының 24-і мен 30-ы аралығында Петропавлда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтуде. Аудандық және қалалық кезеңде үздік атанған 500 солтүстікқазақстандық оқушы өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық олимпиада 9 бен 11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін 16 пән бойынша өткізіледі. Қазіргі күні білім сайысы онлайн-форматта өтіп жатыр. Ол 4 кезеңнен тұрады. Академиялық адалдық және олимпиаданы өткізудің ашықтығын бақылау үшін қоғамдық бақылаушылар, «Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің қызметкерлері қатысады.
-Оқушыға олимпиада тапсырмаларын орындау үшін арнайы жеке код беріледі. Оның ішінде қандай тапсырмалар бар екенінен қазылар алқасы да, бақылаушылар да бейхабар. Балалар бекітілген уақытқа дейін жүктелген тапсырмаларды орындап шығуы тиіс. Олимпиада аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, облыстық қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге беріледі, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.