Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 5 оқушысы Майкрософт компаниясының қыздар арасында ұйымдастырған халықаралық хакатонында бірінші орынға ие болды. Ауқымды шараға әлемнің түкпір — түкпірінен 22 команда қатысты,деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сайыс ағылшын тілінде өтті. Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен құралған топ жасанды интеллектті тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешу үшін қолдану жобасын ұсынды.
-Жобаның тұсаукесерін әзірлеуге 90 минут бөлінді. Қыздар тақырып таңдап, ашық дереккөздерден алынған мәліметтер – Манчестердегі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы полицияға түскен қоңырауларды талдады. Теориялық білімге сүйене отырып, олар өз модельдерін құрастырып, мәселенің шешімін ұсынды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде топ «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы жасанды интеллект» жобасын ұсынды. Қазылар алқасы әр жобаны 6 критерий бойынша бағалады, – дейді топтың жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Виталий Мельников.
Солтүстікқазақстандық оқушы қыздар өз жобаларын ойдағыдай қорғап, байқауды бағалаған қазылар алқасының сұрақтарына да қиналмай жауап берген.
-Көбінесе полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы қоңыраулар түскен кезде оларға аса мән бермейді. Ал жасанды интеллект, өз кезегінде, зардап шеккендердің жауаптары мен адамдардың соңғы екі жылдағы қылмыстық өткені туралы деректер базасына сүйене отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламаның қаншалықты орынды екенін анықтап, тиісті шараларды қолдана алады. Жасанды интеллект проблемалық жағдайды анықтауда біржақтылықты болдырмауға көмектеседі, — дейді Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Камила Беккожина.