Бүгінде жылу электр орталығында 650 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың кейбірі нысанда болып жатқан оқиғалар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
50 жастағы Василийдің жылу электр орталығында қызмет етіп келе жатқанына 12 жыл болыпты. Оның айтуынша, кәсіпорындағы орташа жалақы мөлшері 140 мыңтеңгеден аспайды. Өзі 90 мың теңге алады.Ол сондай-ақ апат салдарынан мерт болған әйелмен және оның жолдасы Василиймен таныс екенін айтты.
-Сол күні ол қалған қызметкерлер сияқты жұмысқа келді. Учаскесіне барғаннан кейін қайғылы жағдай орын алды. Мұржаның опырылғанын естігенде, барлығын түсіндік. Төбеден қаншама тонна құлап түсті. Өкінішке қарай, марқұмның аман қалуы мүмкін емес еді. 3 ай ішінде орталықта екінші адам қаза тапты,-деді Василий.
Айтуына қарағанда, былтыр желтоқсан айында 26 жастағы жұмысшы көз жұмған. Оған құбырлардың бірінен шыққан бу себеп болыпты. Ал Алексей мамандығы бойынша – құрылысшы. Қосалқы мердігер компанияда еңбек етеді.
-Мұнда біздің бригадамыз жұмыс істейді. Барлығын жөндеп, ауыстырумен айналысамыз. Атқаратын шаруа бастан асады. ЖЭО-да ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ дейтіндер, қатты қателеседі. Тек ғимараттың тозығы жеткен,-деді ол.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың сөзінше, орталықтағы проблемалар былтыр жылдың аяғында басталған. Қарашаның бірінен 27-наурызға дейін ЖЭО-да 5 апат орын алды.
-Керекті көлемдегі қазандықты сатып алу 9,5 миллиард теңгені талап етеді. Мұндай 12 қазандық бар. Мұржа құлағандықтан, қазандықтың үшеуі істен шықты. Жаңасын салу үшін 3,5 миллиард теңге қажет. Ақыр аяғында барлығы қаражатқа келіп тіреледі,-деді Бақыт Ілиясов.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев