Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2022 жылы өңір бюджетінің көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Облыс бюджеті жылдан жылға ұлғайып келеді. Жақында 431 млрд теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 61 млрд теңгеге көп. Қаражаттың өсуі жұмыс қарқынын арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға, жолдар салып, су тартуға, әлеуметтік инфрақұрылым ды жөндеп, жаңартуға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Өнеркәсіп саласында биыл кірпіш, автоклавты газоблоктар және темірбетон бұйымдарын шығаратын жаңа кәсіпорын пайда болады. Мамандар қыркүйек айында өнімнің импортын азайтуға мүмкіндік беретін қағаз фабрикасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, өңірде жылыжай кешені салынуда. Ағаш жаңқасынан тақталар шығаратын зауыт салу да көзделген.
3 жылда облыста 4 жаңа мектеп ашылды. Мектептердің 64% — ы күрделі жөндеуден өтті. Биыл жергілікті университеттің жанында салынып жатқан жаңа заманауи оқу-зертханалық корпусының құрылысы аяқталады.
Денсаулық сақтау саласында да айтарлық өзгерістер бар. Соңғы 5 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 14 миллиард теңге жұмсалды. 2 мыңнан астам медициналық жабдық сатып алынды. Маммографтардың, рентген-аппараттарының жетіспеушілігі мәселесі де шешімін тапты. Петропавлда шетелдік инвесторлар заманауи көпбейінді аурухана салуда. Қаланың екі шағын ауданында жаңа емханалар пайда болады.
фото: ашық дереккөздерден