Тайынша ауданында жеке кәсіпкер малын түгендеу кезінде бір сиырының жоғалғанын байқаған. Бұл туралы бірден учаскелік полиция инспекторына хабар беріпті. Жәбірленушінің айтуынша, ірі қара қаңтар бен наурыз аралығында ұрланған. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшысы қылмысқа қатысы бар 2 тұрғынды анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күдіктілер 27 және 37 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Жасы үлкені жеке кәсіпкерлікте жұмыс істеген екен. Малдың терісі мен тұяғы күдіктілер көрсеткен жерден табылды.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы 3-бөлігі «Мал ұрлығы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
-Жыл басынан облыстағы арнайы қамау орындарына 398 қаңғып жүрген мал жеткізіліп, 176 адам малды еркін жайылымға жібергені үшін жауапқа тартылды. Қаңтар айынан бері 3 мал ұрлығы тіркелді. Оның екеуі ашылды. Бұдан бөлек, жүргізіліп жатқан жұмыс аясында бұрын жасалған 8 мал ұрлығы ашылды, — деді СҚО полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен