Петропавлдағы көпбейінді қалалық аурухананың өзінде соқыршекті алу үшін жылына 380 операция жасалады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Виталий Шишикиннің айтуынша, егер ауру белгілері байқалса, әсіресе қарынның оң жағы ауырса, бірден жедел жәрдем шақыру керек.
-Аппендицит кезінде жағдайды ушықтырып алмау үшін дереу дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Көп жағдайда гастроэнтероколит, дизентерия, сальмонеллез белгілері байқалып, соқыршек екені білінбеуі де мүмкін. Науқастардың шамамен 30% — ында аппендицит гастрит ретінде көрінеді. Іштің жоғарғы бөлігінде ауырсыну байқалады, содан кейін олар сағат тіліне қарсы төмен және оңға қарай түседі — бұл аппендициттің айқын белгілері, — деді дәрігер.
Сондай-ақ, Виталий Шишикин жастардың бойында ауру тезірек өршіп кететінін айтты. Егде жастағы адамдарда аппендицит сирек кездеседі. Бұл ағзаның иммундық реакциясының төмендеуіне байланысты. Негізінен, бұл дертпен 18 жастан 50 жасқа дейінгі адамдар ауырып жатады.
Pexels иллюстрациялық фотосы