Киберқылмыскерлер 2 азаматты алдап соқты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сол баяғы жаттанды сценарий. Киберқылмыскерлер Шал ақын ауданының тұрғынына: «Есепшотыңызда күдік туғызатын әрекеттер байқалады. Жинаған қаржыңызды сақтап қалу үшін sms-хабарлама арқылы келген бір реттік кодты айтыңыз»,-деген. Абдырап қалған нәзік жанды жалған сөздерге иланып, ақыр соңында 1 миллион 300 мың теңгесінен айырылып қалды.
Осыған ұқсас жағдай Қызылжар ауданында да тіркелді. Пысықай аудан тұрғынына хабарласып, оның атына белгісіз біреудің несие рәсімдеп жатқанын айтқан. Заңсыз әрекетті болдырмау үшін максималды сомаға несие рәсімдеу керек деп сендірген. Ер адам тиісінше 3,5 миллион теңгеге берешек алыпты. Алайда, қомақты қаржы өзінің емес, киберқылмыскерлердің шотына кеткен.
Интернет-алаяқтардан сақтану үшін жеке деректермен ешкіммен бөліспеген абзал. Есепшотыңыздағы жинағыңыз туралы білгіңіз келсе, тікелей банк бөлімшесіне жүгіну қажет.
Фото: ашық дереккөздерден