Kozybayev University мамандары мен аризоналық оқытушылар жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Біздің басты мақсатымыз-білім беру бағдарламасының сапасын жақсарту. Мектеп бітірген талапкерлер басқа жаққа кетпей, өзіміздің университетте оқып, білікті маман атанғанын қалаймыз. Сол үшін америкалық әріптестерімізбен қос дипломдық жоба бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Солтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын ескере отырып, агротехникалық және инженерлік бағыттарға ден қоямыз. Қазіргі таңда университет оқытушылары мен Аризона өкілдері агрономия мен қолданбалы биотехнология бойынша алғашқы бағдарламаларды жасауды қолға алды,- деді университет ректоры Ерлан Шұланов.
Сонымен қатар, ректор солтүстікқазақстандық 200 оқытушы ағылшын тілінде еркін сабақ беріп, ғылыми жобаларды қиындықсыз жазуы үшін арнайы оқытудан өтіп, білімдерін жетілдіретінін атап өтті.
Педагогтар заманауи цифрлық білім беру технологиялары бойынша білім алатын болады. Әрі 50 оқытушы тағылымдамадан өтеді.
Фото: ашық дереккөздерден