Солтүстікқазақстандық фермерлер малды бақылап отырып үшін GPS-навигаторларды қолдануға көшті. Биыл бұл жүйеге Уәлиханов ауданындағы 2 бақташы қосылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғынының бірі 40, екіншісі 60 жылқы ұстайды. Заманауи қондырғы фермерлердің көңілінен шығып жатыр. Онлайн-карталармен компьютер, планшет, смартфон арқылы жұмыс істеуге болады. Полицейлер GPS-трекерлерді орнату мал ұрлығына тосқауыл қоюдың тиімді жолдарының бірі болып табылатынын атап өтті. Тәртіп сақшылары мал ұрлығына қатысты профилактикалық жұмысты ауыл тұрғындарымен ұдайы жүргізеді.
-Қазіргі уақытта ірі қара малдың жайылымын ұйымдастыру мәселелері талқыланатын жиналыстар өткізіліп тұрады.Учаскелік полиция инспекторлары бақташылармен кездесіп, ұрлықтың алдын алуға, жолдың үстіне шыққан жануарлардың кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін сақтық шараларын ұстануды ескертеді,-дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Әлижанов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, 2019 жылы 92 мал ұрлығы тіркелсе, 2020 жылы – 47, 2021 жылы – 29 факті тіркелген. Ағымдағы жылдың 3 айында 3 мал ұрланған.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен