Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасында су әлі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметінше, қоймадағы су өткен тәулікте 16 см-ге көтерілген. Су көлемі 704 млн текше метрге дейін жетіп отыр. Деңгейі – 809 см-ге дейін, ернеуінен 9 см-ге асқан. Су секундына 27,4 текше метр жылдамдықпен ағуда. Өткен аптадағымен салыстырғанда екі есеге өскені байқалады.
Дегенмен, биыл айтарлықтай су тасқыны болмайды. Су қоймасы Ақмола облысынан келген сумен толығып жатыр. Былтыр 18-сәуір күні су ернеуінен 149 см-ге асқан. Жалпы облыс бойынша Есіл өзені 11- 16 см-ге дейін көтерілген. Шағын өзендерде керісінше 14 см-ге дейін түскен.
Петропавлдағы бекетте су деңгейі 8 см-ге төмендеді. Долматово ауылындағы трансшекаралық бекетте де төмендеу байқалады. 1 тәулікте минус 5 см-ге түскен, су деңгейі 479 см-ді құрайды. Үлкен Тораңғұл көлінде су деңгейі өзгерген жоқ. (311 см)
Фото: 24.kz