Тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, әлемге әйгілі ғалым, Қазақстанның археологиясы мен ежелгі тарихы туралы көптеген ғылыми жаңалықтардың, бірқатар монографиялар мен ғылыми мақалалардың авторы — Виктор Федорович Зайберт 75 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Виктор Зайберт — 1980-інші жылы әлемге Ботай мәдениетін паш етіп, жылқының ең алғаш қазақ жерінде қолға үйретілгендігін дәлелдеген ғалым.
Ол 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылында дүниеге келген. Петропавл педагогика институтының тарих факультетін «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1969 жылы мұражайдың археология бөлімінде қызмет істеді. Облыстың археологиялық ескерткіштерін зерттеумен 1967 жылы айналыса бастады. Эрмитажда, мемлекеттік тарихи музейде, Пушкин музейінде, Бүкілодақтық реставрациялау орталығында, Кремль реставрациялау зертханаларында тағылымдамадан өтті.