Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Брусиловский көшесіндегі жаңа сквердің бейнежазбасы тарап кетті. Демалыс орнына төселген өрнектастар дұрыс төселмегендіктен жылжып кеткен, бақтың сәнін келтіретін ағаш пен орындық та жоқ. Осы мәселеге қатысты қалалық ТҮКШ бөлімі түсініктеме берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Негізі, Брусиловский көшесіндегі алаң қаладағы екінші жаяу жүргіншілер жолына айналуы тиіс еді. Қыдырып, тынығу аймағын дайындау үшін 115 миллион теңге бөлінген. Алайда, ол жерде отыратын орындық та, жарық та, гүлзар да жоқ. Төселген өрнектастар арасы ырсиып ашылып кеткен.
Петропавл қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала тұрғынының наразылығына жауап беріп, төселген тастың магистральдық желілердің апатына байланысты жылжып кеткенін айтып, ақталды.
— Биыл қыста Брусиловский көшесінде Казахстанская Правда көшесінен Жұмабаев көшесіне дейінгі учаскеде «Тепловые сети» ЖШС магистралдық желідегі апаттарды жою бойынша жұмыстар жүргізді. Шаруаны атқару кезінде ауыр жүк таситын көліктер жолды бүлдіріп алды. 2022 жылдың наурыз айында «Тепловые сети» ЖШС-не ақауларды жою үшін шағым хат жазылды. Жақын арада аталған олқылықтар жойылып, қалпына келтіріледі,-деп хабарлады ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсел Айтолла.
Баспасөз хатшысы сквер 2 жылдық жоба негізінде салынатынын айтты.
Фото: ашық дереккөздерден