Облыстағы 13 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 11 спорт түрінен 17 секция ашылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Әлдименов қазір мемлекеттік тапсырыс аясында үш мыңға жуық бала тегін секцияларға қатысып жүргенін айтты. Мамандар жыл соңына дейін балалар санын 6 мыңға жеткізуді көздеп отыр.
-Өңірде 4-тен 17 жасқа дейінгі 106 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде БЖСМ және дене шынықтыру клубтары, мектеп секциялары қызметінің есебінен 45,7 мың бала тегін спорттық сабақтарға қатысуға мүмкіндік алды. Бюджеттен бұл мақсатқа шамамен 4 млрд теңге бөлінді, — деді Асылбек Әлдименов.
Асылбек Әлдименов биыл мүгедектігі бар балалар үшін ат спорты мен суда жүзу бойынша тегін сабақтар ұйымдастырылғанын атап өтті.
Pexels иллюстрациялық фотосы