Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Конституцияға түзетулер енгізуді парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.
Ол референдумды «маңызды демократиялық институт» деп атап, Қазақстанда «соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін» атап өтті. Конституцияға содан бері «төрт рет түзету енгізілсе де», референдум әдісі қолданылмағанын атап өтті. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік береді» деген Тоқаев бұл елдің «демократияға бағыт алуына» ықпал етеді деді. Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр.