Биыл СҚО-дағы су қоймаларына 35,5 млн балық дернәсілі жіберіледі

Авторы: Qyzyljar News

Бүгін Сергеев су қоймасына мемлекеттік тапсырыс аясында 30 млн-нан астам балық дернәсілі жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

«Петропавл балық тәлімбағы» кәсіпорны биыл мемлекеттік тапсырыс аясында Сергеев және Петропавл су қоймаларына 35,5 млн сиг балықтарының дернәсілін жіберуі тиіс. Бүгін балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері, жергілікті атқарушы билік органдары, балық шаруашылығы институтының және қауымдастықтың мамандарынан құралған арнайы комиссия алты ай бойы өсірілген балық дернәсілін қабылдап алды.

-Су қоймасына жіберілетін дернәсілдердің санына ғана емес, сапасына да мән береміз. Олар белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Микроскоп арқылы көрдік, дернәсілдердің күйі жақсы, көлемдері сәйкес келеді. Енді олар автокөлікпен Сергеев су қоймасына жөнелтіледі. 30 млн дернәсіл су қоймасына жіберілуі тиіс. Міндетті түрде үш сағат ішінде жеткізу қажет, одан ұзақ уақытқа олар шыдамайды, — дейді «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Марат Есімсейітов.

Сиг балығының дернәсілі инкубациялық цехтағы бассейндерде арнайы аппаратпен өсірілген. Су жәндіктеріне қолайлы жағдай жасалды. Мамандардың айтуынша, цехтың ішіндегі ауа температурасы + 1 градус, судың температурасы +6-7 градустан төмендемеуі тиіс. Ертең Петропавл су қоймасына сиг балығының 5 млн дернәсілі жіберілмек. Жалпы былтыр облыстағы су қоймаларына балықтың 44 млннан астам дернәсілі жіберілген еді.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz