Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің мамандары Жұмысшы кентіне апаратын көпірдің қалай жөнделетіні мен жұмыстың неліктен кеш басталғанын түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызметкерлердің айтуынша, былтыр маусым айында көпірге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21 миллион теңге сомасына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Алайда, оған қатысуға ешкім ниет білдірмепті. Одан кейін қыркүйекте тағы бір конкурс ұйымдастырылған, бұдан да түк шықпаған екен.
-Конкурстар ешқандай нәтиже бермегендіктен, қазан айында «Магистраль-СК» ЖШС-мен келісім-шартқа отырдық. Мердігер айдың соңына қарай іске кірісіп, қарашада аяқтады,-дейді бөлім өкілдері.
10 мамырдан бастап көпір қайтадан жабылады. Мердігерлер 10 күн ішінде жаңа асфальтбетон төсеп, қоршауды жаңартып, жол белгілерін орнатуды жоспарлап отыр.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев