Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай 80 жасқа толды. Мерейтойға орай жергілікті университетте «Қазіргі заманғы журналистиканың ғылыми-педогогикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды, Көкшетау қалаларынан келген белгілі журналистер, әріптестері мен шәкірттері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 2001 жылы «Журналистика» кафедрасын ашып, сол кафедраға үзбей басшылық етіп келеді. Абылай хан, Абай және Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, құнды еңбектер жазған Зарқын Сыздықұлын мерейтойымен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.
— Зарқын Сыздықұлы, мерейтойыңыз құтты болсын! Біз сізбен мақтанамыз. Сіздің осы солтүстіктің дамуына, мәдениетіне, тарихына қосқан үлесіңіз өте мол. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!, -деді СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.
Профессордың мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция барысында Зарқын Тайшыбай Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», облыстық ардагерлер кеңесінің «СҚО құрметті ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Ал Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев мерейтой иесіне журналистер одағының «Алтын медалін» табыстады.
Фото: ашық дереккөзден